
Наурыз мерекесін атап өту аясында Наурызнама күнтізбесіне сәйкес 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күн ұлттық киімдерді дәріптеуге, мәдени мұраны насихаттауға және заманауи стильмен ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға, жастардың қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілуде.
Атап айтқанда, Астана қаласында «Ұлттық киім: мәдени мұра және заманауи стиль» тақырыбында бейне-челлендж ұйымдастырылып, тұрғындар арасында ұлттық киімге деген қызығушылықты арттыру көзделген.
Жамбыл облысында Қордай ауданының Отар ауылындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 22 наурыз мерекесіне орай жасөспірімдер арасында волейболдан жарысөтуде.
Сонымен қатар, Сарыбұлақ ауылында қазақ күресінен «Жас барыс» аудандық біріншілігі ұйымдастырылуда.
Меркі ауданында Ақтоған, Ақарал және Кеңес ауылдарында тұрғындар арасында ұлттық спорт ойындары – арқан тарту, қол күрес, асық ату және гір тасын көтеру бойынша жарыстар өткізілуде.
Жетісу облысы, Текелі қаласында №6 және №2 орта мектептер базасында жасөспірімдер арасында арқан тарту, асық ату және бестас ойындарынанжарыстар ұйымдастырылды.
Қостанай облысында Меңдіқара ауданы, Боровское ауылындағы «Достық» стадионында арқан тарту жарысы өтсе, Қостанай ауданындағы Заречное ауылында «Жамбы ату» мергендер лигасының жарыстары ұйымдастырылуда.
Маңғыстау облысында Ақтау қаласындатоғызқұмалақтан тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында жарыс өтуде. Сонымен қатар, Түпқараған ауданында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыстық ашық турниржалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы «Береке» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2012–2015 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында бокстан мектеп біріншілігі өтуде.
Өткізіліп жатқан іс-шаралар ұлттық мәдениетті дәріптеуге, ұлттық киімнің маңызын арттыруға, сондай-ақ азаматтарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға бағытталған.