
Астана қаласындағы «Алау» мұз айдынында 17–19 наурыз аралығында конькимен жүгіруден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Жарысқа еліміздің 7 өңірінен 76 спортшы қатысуда. Атап айтқанда, Астана және Алматы қалалары, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының спортшылары бақ сынайды.
Жарыстың алғашқы күні спортшылар 500 және1500 метр қашықтықта бақ сынаса, келесі күндері1000, 3000, 5000 және 10000 метр, сондай-ақ масс-старт бойынша жарыстар өтеді.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Конькимен жүгіру спорты жоғары жылдамдықты, төзімділікті және шеберлікті талап ететін қысқыс порт түрлерінің бірі. Бүгінде қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, ұлттық құраманың 4 мүшесі Олимпиаданың үздік ондығына енді. Бұл нәтиже отандық конькимен жүгіру спортының әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Барлық спортшыларға сәттілік, әділ әрі тартысты бәсеке тілеймін», – деді ол.
Осылайша, ел чемпионаты отандық конькимен жүгіру спортының дамуына серпін беріп, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік ашады.