
Инцелль қаласында (Германия) өтіп жатқан конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз Вадим Чебардаков ерлер арасындағы масс-старт бағдарламасында алтын медаль жеңіп алды.
Шешуші финалда спортшымыз 5:29.875 нәтижесін көрсетіп, қарсыластарынан озық шықты.
Күміс жүлдені польшалық Кирилл Пищала (5:30.010) еншілесе, қола медаль жапониялық Юта Фучигами (5:30.273) иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы жалпы медаль саны алты алтын және бір күміске жетті.
Санаулы сәттер бұрын Варвара Глухова, Анастасия Беловодова және Кристина Шумековадан құралған әйелдер командасы командалық спринтте жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Кристина Шумекова 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында және көпсайыста алтын медаль жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, ол 3000 метрде күміс жүлдеге ие болды.