
2026 жылдың 20 ақпанында Астана қаласындағы «ADD Table Tennis Center Astana» базасында спорт федерациялары арасында алғаш рет базалық жүрек-өкпе реанимациясы (ЖӨР) бойынша сертификатталған курс және автоматты сыртқы дефибрилляторды (AED) қолдану жөніндегі практикалық оқыту өтті.
Іс-шараны Қазақстан үстел теннисі федерациясы корпоративтік қоры University Medical Center нұсқаушыларымен бірлесіп ұйымдастырды. Оқыту European Resuscitation Council халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізілді. Қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды.
Әлеуметтік бастама аясында Mindray компаниясы спорт орталығына заманауи AED аппаратын табыстады. Бұл жабдық халықаралық жарыстар талаптарына сай және шұғыл көмек көрсетуге дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Қазақстан үстел теннисі федерациясы алдағы уақытта аталған тәжірибені өңірлерге кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.