
2024 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және министр Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновтың қолдауымен АХҚО аумағында Қазақстанда алғаш рет халықаралық сурдо дзюдо федерациясы — Deaf International Judo Federation (DIJF) ресми түрде құрылған болатын.
Бұл – жай ғана ұйымның құрылуы емес. Бұл есту қабілеті бұзылған спортшылар үшін инклюзивті дзюдоны дамытуға арналған халықаралық үйлестіру алаңының қалыптасуы.
Халықаралық федерацияның Бас хатшысы болып алғаш рет Қазақстан өкілі — Талғат Абдымамынов сайланды. Оның медицина саласынан бастап спорттық менеджментке дейінгі кәсіби жолы халықаралық деңгейде сурдо дзюдоны тиімді дамытады. Сонымен қатар, Талғат Рахимұлы Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Инклюзия комиссиясының құрамына енді. Бұл – халықаралық спорт қауымдастығының жоғары сенімі.
Құрылған сәттен бастап DIJF бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді:
2024 жылғы қарашада Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды:
Токио қаласында өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада аясында Халықаралық саңыраулар спорт комитетімен (ICSD) келісім жасалды (2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді);
IJF президенті Мариус Визер және ICSD президенті Адам Кошамен жұмыс кездесулері өтті;
Францияның Ульгат қаласында өткен бейімделген дзюдо семинарында сурдо дзюдоны дамыту стратегиясы таныстырылды.
Стратегия аясында халықаралық рейтингтік жүйе құру, жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, жаңа дайындық әдістемелерін енгізу, білім беру семинарларын өткізу және спортшылар үшін тең мүмкіндік пен әділ төрешілікті қамтамасыз ету көзделген.
DIJF-тің басты мақсаты – есту қабілеті бұзылған жандар арасында дзюдоны дамыту және әлемдік спорт қауымдастығында инклюзивті ортаны нығайту.
Қазақстан халықаралық спорт кеңістігінде тек нәтижелермен ғана емес, институционалдық бастамалар арқылы да өз позициясын күшейтіп келеді.