Пара шабандоздар Азия чемпионатында 6 медаль жеңіп алды

Пара шабандоздар Азия чемпионатында 6 медаль жеңіп алды

Сауд Арабиясында өтіп жатқан шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде еліміздің спортшылары 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль еншіледі.

26,8 км қашықтықтағы В класы бойынша ерлер арасындағы тандемдік жекелей сында Кирилл Ильюкевич (стокер) пен Глеб Бруссенский (пилот) 00:33:04 нәтижесімен мәреге екінші болып жетсе, Наиль Ермұханбет (стокер) пен Руслан Әлиев (пилот) 00:34:22 уақытпен үшінші орынды иеленді. Ал бірінші орынды 00:32:50 нәтижесімен Оңтүстік Корея құрамасы жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы тандемдік жарыста Жұлдыз Қайнарова (стокер) мен Анжела Соловьева (пилот) 26,8 км қашықтықты 00:38:48 уақытта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып келді. 00:40:34 нәтижесімен Анастасия Калаус (стокер) пен Полина Братчикова (пилот) екінші орын алды. Ал үшінші болып мәре сызығын Таиланд спортшылары кесті (00:43:16).

Осы қашықтықтағы жекелей сында С4 класында қазақстандық Павел Бабенко 00:43:45 нәтижесімен екінші болып келді. Бірінші орынды 00:38:11 уақытпен БАӘ спортшысы иеленсе, 00:45:55 нәтижесімен өзбекстандық спортшы үшінші орынға табан тіреді.

H2 класындағы жекелей сында отандасымыз Берік Қартбай күміс жүлдегер атанды. Бұл – Қазақстан тарихындағы H класындағы (handcycle) Азия чемпионатындағы алғашқы жүлде. Handcycle – спортшылар қолмен айналдыратын арнайы үш дөңгелекті велосипедпен трассада өнер көрсететін паралимпиадалық спорт түрі. Мұндай жарыстар тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында шосседе немесе тректе ұйымдастырылады.

Айта кетсек, шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионаты Сауд Арабиясының Әл-Кассим аймағында өтуде. Жарысқа 10 елден 50-ден астам спортшы қатысуда. 13 ақпанда Қазақстан құрамасы топтық сында бақ сынайды.