
Астанада ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен министрліктің дене шынықтыру және спорт, туризм, ойын бизнесі және лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2025 жылғы қызметі мен 2026 жылға қойылған негізгі міндеттері жөніндегі кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті.
Іс-шараға Қоғамдық кеңестің өкілдері, сала ардагерлері, атақты спортшылар мен құрметті жаттықтырушылар, отандық туристік бірлестіктер мен ассоциациялар, жергілікті атқарушы органдар мен ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев 2025 жылы атқарылған жетістіктер мен 2026 жылға арналған жоспарларды баяндады. Серік Жарасбаев спорт саласының елдің абыройын асқақтатып, ұлттық рухты көтеретін стратегиялық маңызына тоқталды.
«2025 жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар түзету енгізіліп, басқару тиімділігі арттырылды. Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды, «спорттың басым түрлері» анықталып, аккредиттелген спорт федерацияларының қызметіне жаңа талаптар енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік спорт ұйымдарының басшылары ротацияланып, өңірлік басқармалар KPI жүйесі бойынша бағаланады», – деді ол.
Бұқаралық спортты дамытуда 2025 жылы 8,5 млн адам жүйелі түрде спортпен айналысқан, бұл халықтың 44,5%-ын құрайды. Мақсат – 2029 жылға қарай көрсеткішті 50%-ға жеткізу. 240 мың бала 7 мыңнан астам үйірмеге тегін қатысып, жергілікті бюджеттерден 50 млрд теңге қаражат бөлінді.
2025 жылы елде 147 спорт нысаны, оның ішінде ауылдық жерлерде – 107, қалаларда – 40 спорт ғимараты пайдалануға берілді. 2026–2028 жылдарға арналған спорттық инфрақұрылымды дамытудың Жол картасы әзірленді, оған сәйкес 86 спорт нысанын салу жоспарланған.
Биылғы маңызды оқиғалар – Милан-Кортина қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия және XIV Паралимпия ойындары. Қазақстан құрамасынан Олимпиадаға 36, Паралимпияға 7 спортшы қатысады.
Жиын барысында Серік Жарасбаев туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Министрдің орынбасарының мәліметінше, елімізде туризм тұрақты өсім байқалады.
«2025 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 741,3 мыңға өсті. Елге келген шетелдік туристер саны 15,7 млн адамға жетіп, орналастыру орындарының табысы 268 млрд теңгені құрады. Туризмге инвестиция көлемі 1,254 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті. Басым бағыттар – Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай және Маңғыстау туристік өңірлері. Бурабайда 10 шақырым веложол, 8 шолу алаңы, 4 автотұрақ пайдалануға берілді. Маңғыстауда ерекше табиғи нысандарға қолжетімділікті арттыру жоспарланған», – деді С.Жарасбаев.
Туристік өнімдердің географиясы 1 100-ден астам турға жетіп, кәсіби кадрларды оқыту және қызмет көрсету сапасын арттыру жалғасуда.
Ал Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков 2025 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі құмар ойындар саласында азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүргізген ауқымды заңнамалық жұмыстар мен саладағы негізгі өзгерістер туралы баяндады.
Сондай-ақ, Алқа мәжілісінде Kazakh Tourism Development ЖШС директоры Ержан Мәлікұлы Еркінбаев, Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұрғали Тұрсынғазиев баяндама жасады.