
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында Баянауыл ауданындағы «Жасыбай» демалыс өңірінде орналасқан туристік нысандарды аралады. Сапар барысында инфрақұрылымның жай-күйімен, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен және демалушыларға жасалған жағдайлармен танысты. Сонымен қатар Баянауыл ауданында салынып жатқан визит-орталықтың құрылысын тексерілді.
Павлодар облысында туризм саласы тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде жалпы сыйымдылығы 10 мыңнан астам орындық 151 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ 7 туроператор мен 192 турагент қызмет көрсетеді. 2025 жылдың қаңтар–қараша аралығында туристік қызметтер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсіп, туристер саны 243 мың адамнан асты. Оның ішінде 236 мыңы – ішкі туристер.
Баянауыл ауданы – өңірдегі ірі демалыс аймақтарының бірі. 2025 жылы жеке инвестиция есебінен автоқызмет пен жанармай құю станциясы, сондай-ақ Жасыбай көлінің жағалауында екі қабатты ғимарат салынды. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жағажай аумағында санитарлық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, сауда орындары, шезлонгтер, орындықтар, жағажай шатырлары мен киім ауыстыратын кабиналар орнатылды. Сонымен қатар Баянауыл демалыс аймағында туристік инфрақұрылымды дамыту және келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында екі жоба іске асырылды: Баянауыл ауылында шолу алаңын салу және Сабындыкөл көлінің жағажайын абаттандыру.
Облыста туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, жағажай аумақтарын абаттандыру, жаңа туристік нысандар салу, экотуризмді дамыту және сервистік қызметтерді жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Kazakh Tourism ҰК АҚ-мен бірлесіп әзірленген ақпараттық QR-кодтар шекаралық өткізу пункттерінде және туристер көп шоғырланатын орындарда орнатылып, өңірдегі туристік нысандар туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруда.
Серік Жарасбаев туристерді тарту және Павлодар облысының танымал туристік бағыт ретіндегі имиджін нығайту үшін инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жоғары деңгейдегі қызметтің маңызын атап өтті.