
Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Павлодар облысы тұрғындарымен кездесті. Іс-шара С. Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында өтіп, өңір халқы туризм және спорт саласының дамуына қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуге жергілікті атқарушы орган өкілдері, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері қатысты. Азаматтар өңірлік туризмді дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік өңірлердегі кәсіпкерлердің жұмысы, инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ заңнаманың жекелеген нормаларын қолдану сияқты мәселелерді көтерді.
Серік Жарасбаев тұрғындармен ашық диалог жүргізу Министрлік жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Мұндай кездесулер өңірдегі нақты қажеттіліктерді ескеріп, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретініне тоқталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңір тұрғындарымен кездесу – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Бүгін айтылған барлық мәселе жан-жақты қарастырылып, әрқайсысы бойынша қажетті шешімдер қабылданады. Баянауылдың туристік әлеуеті жоғары, сондықтан бұл өңірді дамыту Министрліктің айрықша назарында. Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері біздің алдағы жоспарларымызды қалыптастыруда маңызды бағдар болады», – деді министрдің орынбасары.
Кездесуден кейін Серік Жарасбаев жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштерін жеке тыңдады.
Туризм және спорт министрлігі ашық диалог пен халықпен тұрақты жұмыс істеу қағидатын ұстанады. Павлодар облысы тұрғындарының барлық өтініші бақылауға алынып, белгіленген тәртіппен мұқият қаралады. Талдау нәтижелері бойынша Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті аясында тиісті шаралар қабылданады.