
Олимпия ойындарына іріктеу – ұзақ жылдар бойғы жүйелі жұмыстың, жоғары кәсіби дайындықтың және халықаралық жарыстардағы тұрақты жетістіктердің нәтижесі. Әрбір олимпиадалық жарыс артында жылдар бойғы жаттығулар, қиын кезеңдерді еңсеру, әлемдік деңгейдегі ірі турнирлерге қатысу және үздіксіз бәсекелестік жатыр.
Туризм және спорт министрлігі Милан-2026 қысқы Олимпия ойындарына лицензия иеленген спортшылардың жетістігі туралы жаңа айдарды бастады.
Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасына енген спортшыларды есімі жанкүйерге жақсы таныс, халықаралық ареналарда тәжірибесі мол және әлемдік аренада ел намысын лайықты қорғап жүрген үздіктер.
⚡️Денис Никиша – Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, елдегі ең танымал спортшының бірі. 15 жылдан бері шорт-трек спортымен айналысады. Бұған дейін ол 2014, 2018 және 2022 жылғы қысқы Олимпия ойындарына қатысқан. Шорт-тректен әлем чемпионатында жүлде алған отандық бірінші спортшы, Азия ойындарының чемпионы және жүлдегері. Сондай-ақ Әлем кубогінің кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері, Қазақстан чемпионы және 500 метр қашықтықта ел рекордшысы. Шорт-тректен Қазақстанның Құрметті спорт шебері атағын алған алғашқы спортшы.
⚡️Абзал Әжіғалиев – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, ұлттық құраманың спринттегі көшбасшыларының бірі. 23 жылдан бері шорт-трекпен шұғылданады. Үш қысқы Олимпиадаға қатысқан – 2014, 2018 және 2022 жылдары. 2022 жылы Бейжің Олимпиадасында 4-орын алған. Әлем кубогінің кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, 2017 жылғы Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері. 2025 жылы Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында ерлер арасындағы командалық эстафетада (5000 м) чемпион атанып, аралас эстафетада күміс жүлде жеңіп алды.
⚡️Ольга Тихонова – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасының қатысушысы, аралас командалық эстафетада 5-орын алған. Шорт-тректе 15 жылдан астам тәжірибесі бар. 2025 жылғы Харбиндегі қысқы Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. 2024 жылы Бейжіңдегі Әлем кубогінің әйелдер эстафетасында (3000 м) және Лавальдағы төрт құрлық чемпионатында қола жүлде жеңіп алған. Бірнеше дүркін ел чемпионы.
⚡️Яна Хан – халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Бейжің-2022 қысқы Олимпиадасының қатысушысы, аралас командалық эстафетада 5-орын алған. Шорт-тректе 13 жылдан астам тәжірибесі бар. 2025 жылғы Харбиндегі қысқы Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, 2024 жылы Бейжіңдегі Әлем кубогінің қола жүлдегері. Дүниежүзілік Универсиадалардың жүлдегері: 2019 жылы Красноярскіде – қола, 2022 жылы Лейк-Плэсидте – күміс, 2025 жылы Туринде – қола жүлде иеленген. Лавальдағы төрт құрлық чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
Осылайша, Олимпиада лицензиясын иеленген барлық спортшы халықаралық аренада мол тәжірибеге ие және отандық шорт-тректің дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Бұл жолдамалар ұлттық құраманың жоғары деңгейдегі дайындығын және Қазақстандағы шорт-тректі дамыту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.