Биыл Павлодар облысында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Биыл Павлодар облысында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында Баянауыл ауданында салынған «Баянаул-Арена» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді. 2023-2025 жылдары бой көтерген бұл нысан бүгінде өңірдегі ең ірі әрі заманауи спорт кешендердің бірі.

С. Жарасбаевқа кешеннің арнайы жабдықталған залдары мен қазіргі талаптарға сай жаттығу алаңдары таныстырылды. ДСК бұқаралық және кәсіби спортпен айналысуға арналған, түрлі спорт түрлерін қамтуға мүмкіндік береді.

Кешен ішінде:
– волейбол және баскетболға арналған ойын залдары;
– қазақ күресі, еркін, грек-рим, белбеу күресі және дзюдоға арналған күрес залдары;
– бокс залы;
– үстел теннисіне арналған зал;
– садақ атуға арналған жаттығу алаңы;
– тоғызқұмалақ бөлмесі;
– 25 метрлік бассейн;
– 244 орындық трибунасы бар футбол алаңы;
– веложол бар.

ДСК түрлі спорт түрімен айналысатын 300-ден астам спортшыға жағдай жасап, білікті жаттықтырушылар үшін жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Кешен аудан жастары үшін даярлық орталығына айналып, бұқаралық спорт пен спорттық резервтің дамуына серпін береді.

Биыл Павлодар облысында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта тағы сегіз нысанның құрылысы жалғасуда.

Серік Жарасбаев өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін атап өтіп, заманауи нысандар халықтың спортқа қолжетімділігін арттыруға және бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлауға елеулі ықпал ететінін жеткізді.

Айта кетейік, елімізде 25 760 спорттық нысан жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылуы тұрақты түрде артып келеді. Қазіргі көрсеткіш – 55,1 %. Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 %-ға жеткізу жоспарланған.