Жыл басынан бергі 10 тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы блоктық садақ атудан алғаш рет Азия чемпионы атанды

Жыл басынан бергі 10 тарихи жеңіс: Қазақстан құрамасы блоктық садақ атудан алғаш рет Азия чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы Бангладештің Дакка қаласында өтіп жатқан садақ атудан Азия чемпионатында тарихи жеңіске қол жеткізіп, алғаш рет блоктық садақ атудан алтын медаль жеңіп алды.

Финалда отандық садақшылар Үндістан құрамасынан 240:228 есебімен басым түсті. Ұлттық құрама сапында Ділмұхамед Мұса, Бунед Мирзаметов және Андрей Тютюн өнер көрсетті.

Шешуші кезеңге дейін отандастарымыз 1/8 финалда Ирак құрамасын (234:225), ширек финалда Иран құрамасын (233:231), ал жартылай финалда Корея құрамасын (236:235) жеңді. Айта кетейік, садақ ату – Қазақстанда жүйелі түрде дамып келе жатқан 46 басым спорт түрінің бірі.

Сонымен қатар биыл отандық спортшылар спорт тарихындағы жаңа белестерді бағындырып жатыр. Мысалы, жерлестеріміз семсерлесуден алғашқы тарихи медаль жеңіп алса, спорттық гимнастикада Азия жарыстары тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Бұдан бөлек, көркем гимнастикадан алғашқы екі дүркін әлем чемпионы шықты, дзюдодан әйелдер арасындағы алғашқы тарихи күміс медаль ел қоржынына түсті. World Boxing ұйымы аясында өткен бокстан алғашқы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынға ие болды (7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль). Конькимен жүгіру спортында 100 метр қашықтықта бейресми әлемдік рекорды орнатылды, шорт-трекшілер қысқы Азия ойындарында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатикадан алғашқы алтын медаль бұйырды. Сондай-ақ Қазақстан парабиатлоннан маусым қорытындысы бойынша «Хрусталь глобусқа» қол жеткізді.

Айта кетейік, садақ атудан Азия чемпионаты 14 қарашада мәресіне жетеді. Жарысқа құрлықтың 29 елінен 207 спортшы қатысып жатыр.