Омар Сатаев U23 әлем чемпионатында қола жүлде иеленді

Омар Сатаев U23 әлем чемпионатында қола жүлде иеленді

Күрес түрлерінен Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатын грек-рим шеберлері үш медальмен аяқтады.

82 келіде сынға түскен Омар Сатаев шешуші жарыс күнінде қола жүлде үшін белдесуде Бельгия спортшысы Ибрахим Табаевты 10:8 есебімен жеңді.

Жарыс барысында жерлесіміз қара құрлықтың мықтысы Мохамед Диабты (Египет) 4:2, Пан-Американ чемпионатының жүлдегері Диего Торресті таза жеңіп, ширек финалда былтырғы U23 әлем чемпионы Алесандрин Гутуға есе жіберді. Әйтсе де Омар жұбаныш белдесуінде Реон Какегавадан (Жапония) басым түсіп, қола жүлдеге таласта да мықтылығын мойындатты.

Омар Сатаев бұған дейін 2025 жылы Иорданияда өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.

Айта кетейік, U23 әлем чемпионатында кеше Иусуф Мациев (күміс, 97 келі), Мерей Мәулетқанов (қола, 72 келі) жүлдегерлердің қатарына енген еді.