Астанада «Қазақстан барысы – 2025» XIV республикалық турнирінің ашылу салтанаты өтті

Астанада «Қазақстан барысы – 2025» XIV республикалық турнирінің ашылу салтанаты өтті

Бүгін Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы – 2025» XIV республикалық турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл — өңірінің намысы үшін бозкілемге шығатын ең мықты балуандардың шешуші айқасы.

Турнирге еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан үздік спортшылар қатысуда. Сондай-ақ, өткен жылғы «Қазақстан Барысы – 2024» чемпионы Ерасыл Қажыбаев пен «Әскер Барысы» турнирінің екі палуаны да бозкілемге шықпақ. Жалпы қатысушылар саны – 43 палуан. Барлығы жеребе рәсімінен өтіп, алынған реттік нөмірге сәйкес бозкілемге шығып, күш сынасатын болады.

Турнирдің ашылу салтанатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы Жарасбаев сөз сөйлеп, қатысушылар мен жанкүйерлерді турнирдің басталуымен құттықтады.

Алғашқы белдесулер сағат 13:40-та басталды.

Көрермендер турнирді Qazsport телеарнасынан және «Кинопоиск» сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады.
 
Биылғы турнирдің жеңімпазы «Қазақстан Барысы – 2025» атағын иеленіп, ұлттық спорттың айрықша нышандары – «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады.

Жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге. Жүлделер келесідей бөлінген: 1-орын – 15 000 000 теңге, 2-орын – 3 300 000 теңге, 3-орын – 1 080 000 теңге.  Сонымен қатар, әрбір жеңіске жеткен балуанға 100 000 теңге көлемінде сыйақы табысталады. Жалпы жүлде қорына бапкерлерге арналған сыйақылар да кіреді.
 
«Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің бас серіктестері: Спортты қолдау қоры Sport Qory және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.