
«Баянтау» Спорт сарайында дзюдодан 2010–2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылуы өтті.
Аталған жарысқа республика бойынша 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаладан келген 750 спортшы қатысуда. Павлодар облысының намысын 45 спортшы, оның ішінде 27 жасөспірім, 18 қыз қорғауда.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова қатысушылардың алдында құттықтау сөзін айтты.
-Дзюдо – жалпы спорт сияқты тек жарыс пен бәсекелестік рухы ғана емес, сонымен қатар жақсы дене шынықтыру дайындығын сақтау, өз әлеуетіңді ашу, ерік пен мінезді адал күресте көрсету, рух пен өз күшіңе деген сенімді нығайту мүмкіндігі. Барлық қатысушыларға бүгінгі жарыста да, өмірде де денсаулық, жинақылық және төзімділік тілеймін. Мақсаттарыңызға ұмтылып, лайықты қарсыластарыңызды тауып, лайықты жеңістерге жетіңіздер! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, жарысқа қатысушылардың алдында Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев құттықтау сөзін айтты.
-Қазақстан Республикасының аталмыш чемпионатында спортшыларға жеңіске ұмтылып қана қоймай, өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсетуге тілектеспін. Ауыр жаттығуларда алған барлық дағдылар осы жарыстарда көрінсін. Павлодар облысының әкімдігіне чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастыруға және өткізуге қол ұшын созғаны үшін алғыс айтқым келеді, - деп сөзін аяқтады Дзюдо федерациясының атқарушы директоры.
«Баянтау» спорт сарайындағы Чемпионат сағат 10:00-де басталып, 18 қазанға дейін жалғасады.