Түркістан қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бірегей спорт нысаны – Есу арнасы пайдалануға берілді. Спорт кешенінің Орталық Азияда теңдесі жоқ және толықтай Халықаралық каноэ федерациясы (ICF) мен Халықаралық академиялық есу федерациясының (FISA) стандарттарына сәйкес келеді.
Нысанның ашылу салтанатына Қазақстанға арнайы келген ICF президенті Томас Кониеццко спорт кешеніне жоғары бағасын берді.
«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі ең ірі спорт нысандарының бірін ашып отырмыз. Құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілген бұл спорт кешенінде енді халықаралық жарыстарды қабылдай аламыз. Нысан тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді. Өңір тұрғындары үшін мұнда волейбол, футбол, баскетбол алаңдары мен қалалық жағажай ашылады», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов салтанатты ашылу рәсімінде.
Қазіргі таңда еліміздің 12 өңірінде академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, есу слаломы спорты дамып келеді. Бұл спорт түрлерімен жүйелі түрде 6 131 адам айналысады. Олармен 174 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Академиялық есу – ең көп медаль жүлде сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Мәселен, Олимпиадада 14 жиынтық медаль үлестіріледі. Ал әлем чемпионаттарында 20-дан аса бағдарлама бар. Осылайша бір елдің спортшысы бір мезетте бірнеше санатта жүлде алып, өз мықтылығын дәлелдей алады. Бірнеше бағдарлама арқасында академиялық есу әрі жеке шеберлікті, әрі командалық жұмысты дамытуға мүмкіндік береді.
Түркістандағы есу арнасының жалпы аумағы – 100 гектар, ұзындығы шамамен 2,5 шақырым. Бірегей спорт кешені академиялық есу, байдарка мен каноэ бойынша әлемдік деңгейдегі жарыстардан бастап Әлем және Азия кубогіне дейінгі турнирлерді өткізуге және спортшылардың тұрақты жаттығу жасауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар арна суы қаладағы суармалы жүйеге, жасыл белдеуді суаруға қолданылады. Ал арна аумағында ұзындығы 1 шақырымдық қалалық жағажай, қонақ үй, көрермендерге арналған трибуна орналасқан.
Жоба Түркістанның спорттық, экологиялық және туристік дамуына зор үлес қосады әрі еліміздегі академиялық есу спортының жан-жақты өркендеуіне жағдай жасайды. Түркістандағы есу арнасы ұлттық құрамаларды даярлайтын және жас спортшыларды тәрбиелейтін негізгі инфрақұрылымдық орталыққа айналмақ.
Айта кетейік, спорт инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл жыл соңына дейін тағы бір ірі нысан – Астанадағы Ұлттық спорт университеті пайдалануға беріледі деп жоспарланған.