Футбол – еліміздегі ең танымал бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Салауатты өмір салтын дәріптеу және ұлт денсаулығын нығайту мақсатында футболды дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бүгінде «миллиондардың ойыны» еліміздің барлық өңірінде кеңінен дамып келеді. Бұл спорт түрімен тұрақты түрде айналысатындар саны 1 млн-нан асты. Оларды 7,3 мыңнан астам жаттықтырушы жаттықтырады. Спорт инфрақұрылымын қолжетімді үшін ел бойынша жүздеген стадион мен футбол манежі, 400-ден аса дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 7 мыңнан астам футбол алаңы жұмыс істейді. Екі стадион – «Астана-Арена» мен Алматыдағы Орталық стадион УЕФА стандарттарына толық сәйкес келеді.
Халықаралық ұйымдардың қолдауы және жеке инвестициялар арқылы заманауи оқу-жаттығу орталықтары жасалып жатыр. Ерекше назар балалар мен жасөспірімдер футболына аударылып отыр: спорт мектептерінде 40 мыңнан астам өрен дайындықтан өтуде.
Мұндай жүйелі жұмыс бүгінде халықаралық аренада жемісін беруде. Қазақстандық спортшылар елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында өз тобында бірінші орын алып, жоғары дивизионға жолдама алды. Клуб деңгейінде де қазақстандық командалар нәтижелі өнер көрсетуде. Елорда командасы «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықса, басқа клубтарымыз бірнеше рет Еуропа лигасы мен Конференциялар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады.
Ұлттық футзал құрамасының Еуропа және әлем чемпионаттарында жүлделі орындар иеленгенін, сондай-ақ алматылық «Қайрат» клубының екі мәрте УЕФА футзал Кубогын жеңіп алғанын айрықша жетістіктер деп атасақ болады.