Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Алматы облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға туризм саласының мамандары, спортшылар және қоғам өкілдері қатысты.
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында министрдің орынбасары министрліктің негізгі қызметі, сондай-ақ туризм, спорт, ойын бизнесі мен лотерея салаларындағы реформалар туралы баяндады. Ержан Еркінбаев Алматы облысының табиғаты ерекше, тарихи және мәдени әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтті.
«Алматы облысында туристік инфрақұрылымның дамуы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылы өңірдегі орналастыру орындарының саны 277-ге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке артты. Қызмет көрсетілген келушілер саны 507,6 мың адамға жетіп, бір жылда 99,5 мыңға көбейді. Туристік орналастыру саласындағы қызмет көлемі 10,7 млрд теңгені құрап, 2023 жылғы деңгейден 1,8 млрд теңгеге асып түсті», – деді Ержан Еркінбаев.
Кездесу аясында Ержан Еркінбаев жуырда ғана күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңға да тоқталып, тұрғындарды ондағы негізгі өзгерістермен таныстырды.
Бұдан бөлек, лудоманиямен күрес және құмар ойындарды бақылауды күшейту мақсатында былтырғы жылы ойын бизнесі мен лотерея салаларында ауқымды заңнамалық өзгерістер қабылданғанын жеткізді.