Qazaqstan жеңілатлетикалық спорт кешенінде өткен конференцияға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, Қазақстан Республикасы ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, ұлттық құрамалардың аға жаттықтырушылары мен өңірлік федерациялар басшылары қатысты.
Жиын барысында Руслан Есеналин өңірлермен диалогтың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл кездесу – тек қорытынды шығару ғана емес, сонымен қатар жаңа бағыттарды айқындаудағы маңызды қадам. Әсіресе, спорт туралы жаңа заң жүзеге асып жатқан тұста, онда бокс басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді», – деді комитет төрағасы.
Қортынды баяндамалардан соң, Жапонияда өтетін 2026 жылғы Азия ойындарына және Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық, жаттықтырушылар құрамын дамыту, өңірлерді нығайту және ұлттық құрама командаларды қолдау мәселелері талқыланды.
Оған қоса ерлер мен әйелдер арасында өтетін бокстан Әлем кубогын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды. Аталған жарыс 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Турнирге 30-дан астам елдің спортшылары қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны нығайту, өңірлердегі білікті жаттықтырушылардың жетіспеушілігі және спортшыларды іріктеу процесін цифрландыру қажеттігі сынды мәселелер де көтерілді.