
XXV-шы жазғы Сурдлимпиаданың сегізінші жарыс күнінде ұлттық құрама спортшылары еркін күрес, жеңіл атлетика, таеквондо, үстел теннисі, бадминтон және жүзуден сынға түсті.
Таеквондодан ұлттық құрама спортшылары Аян Абдраш пен Айжамал Әбдіқатова керуги дисциплинасында ел қоржынына медаль салды.
Аян (-58 кг) алғашқы кездесуінде қытайлық Сунг Хингоны 2:0 есебімен, екінші раундта қырғызстандық Дифат Именовты 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финалдық бәсекеде ирандық спортшыға 1:2 есебімен есе жіберіп алды. Аян үшінші орынға таласта түрік спортшысы Екыншы Мухаммед Буракты 2:1 есебімен жеңіп, қола медальді иеленді.
Айжамал Әбдіқатова (-57 кг) алғашқы жекпе-жекте қырғызстандық Бермет Марсбекованы 2:0 есебімен, ширек финалда қытайлық Джанг Хайанды 2:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда ирандық Золейха Фатимажахрадан 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Алайда үшінші орынға таласта Айжамол венесуэлалық спортшысы Ортего Селседоны 2:0 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды.
Нұрдәулет Жақып (-68 кг) бразилиялық Самуель Оливерді 2:1 есебімен жеңсе, ширек финалда ирандық Вахид Зейналиден 1:2 есебімен ұтылды.
Виктория Протопопова (49 кг) алғашқы жекпе-жекте қырғызстандық Асылхан Турдыкулованы 2:0 есебімен жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Дибар Тожибоеваға 1:2 есебімен есе жіберді. Жұбаныш жекпе-жегінде ливандық Сара Салибаға 0:2 есебімен есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады.
Еркін күресте Ғабит Есжанов (57 кг) алғашқы белдесуінде түрік балуаны Мехмет Сонмезді 6:4 есебімен, 1/2 финалда украиналық Сергей Сушевскийді 12:8 есебімен ұтып, финалға шықты.
Шадияр Пернеш (65 кг) болгариялық Дилян Димитровті 10:0 есебімен ұтса, ширек финалда венесуэлалық Ангел Боливерді 10:0 есебімен жеңіп, жартылай финалда монголиялық Ерхембаяр Намдагдоржды 9:0 есебімен басым түсіп, финалға өтті.
Хайратхаан Шонку (125 кг) ширек финалда кубалық Осмар Тоуризді 12:5 есебімен ұтса, жартылай финалда бейтарап спортшы Алексей Шемаровқа 0:7 есебімен ұтылды. Ертеңгі жарыс күні Хайратхаан қола жүлде үшін күресетін болады.
Рсалы Сабыржан (86 кг) 1/4 финалдық белдесуде бейтарап спортшы Хавор Адамиянды 10:0 есебімен ұтса, жартылай финалда украиналық Анатолий Червоненкоға 4:5 есебімен жол берді. Ертең Сабыржан қола медаль үшін таласады.
Бексұлтан Малайдар (97 кг) жартылай финалда үнді спортшысы Сумит Дахияға 0:10 есебімен ұтылды. Бексұлтан ертеңгі жарыс күні үшінші орынға таласқа түседі.
Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) қырғызстандық Әділет Жапарқұловқа 1:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен ол жүлдеге қол созу мүмкіндігін алып, ертең жұбаныш белдесуінде күреседі.
Жеңіл атлетикада Рауан Бейсебай сырықпен секіруден финалда 4 м нәтижесімен төртінші орынға тұрақтады. Антон Щадрин мен Нұрсұлтан Кульдеев сырықпен секіруден іріктеуден өте алмады. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер құрамалары 4×100 метрлік эстафетада келесі кезеңге шыға алмады. Қуаныш Темірбаев 3000 м жүгіру финалында 13:49.08 нәтижесімен 7-ші орынға тұрақтады. Спортшылар ертең 5000 м жүгіру, 4×400 м жүгіру (ерлер және әйелдер), сондай-ақ ұзындыққа секіруден финалдарда өнер көрсетеді.
Жүзуде спортшыларымыз 50 м еркін жүзу, 50 м шалқалап жүзу, 400 м кешенді жүзу, 200 м баттерфляй және 800 м еркін жүзу дисциплиналарында іріктеуден өте алмады. Ерлер арасындағы 4×200 м еркін стильдегі финалдық бәсекеде спортшыларымыз 6-шы орын алды.
Үстел теннисінде командалық дисциплинада Қазақстан құрамасы Үндістанды 3:0 есебімен, Польша құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, ертеңгі ширек финалдық ойындарына шықты. Ал әйелдер құрамасы топтық кезеңнен өте алмады.
Бадминтонда командалық бәсекеде «А» тобында еліміз Оңтүстік Кореяға қарсы ойында 0:5 есебімен ұтылды. Келесі топтық ойынды Үндістан командасымен өткізеді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 18 медаль бар: 7 алтын, 3 күміс және 8 қола. Алдағы уақытта ұлттық құрама еркін күрес, таеквондо, бадминтон, үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетика дисциплиналарында сынға түседі. Жарыстар Токио қаласында 26 қарашаға дейін жалғасады.