
2026 жылғы наурызда Мемлекет басшысы балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Заңға қол қойды.
Құжатта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды енгізу, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласының цифрлық платформасының жұмыс істеуін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделген.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде халықтың 44,5%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады.
Балалар мен жасөспірімдердің үлесі 34,6%-ға жетті (республика бойынша 4 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны – 5 312 465 адам).
Қазіргі таңда 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 400 мыңға жуық бала жаттығады.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 26,5 мың спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу деңгейі 1000 адамға шаққанда 59,6%-ды құрайды.
2026 жылы пайдалануға 34 спорт нысаны берілді, оның ішінде 21-і ауылдық жерде, 13-і қалаларда орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 87 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл Астана қаласында Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, Астанада 3600 орындық Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион салынды.
2026 жылы қазақстандық спорт халықаралық аренада елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
XXV Қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан тарихи алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 19-орынға ие болды.
XIV Қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов парабиатлон мен парашаңғы жарысында тарихи алтын және қола медальдарды жеңіп алды.
Жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның әйелдер арасындағы жекелей сында Australian Open турнирінде жеңіске жетуі болды.
Стенд атудан әлем кубогында Әсем Орынбай әлемдік рекордты қайталап, алтын медаль жеңіп алды.
Алғаш рет қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдегі ең беделді супертурнирлердің бірі – Norway Chess Women 2026 турнирінің жеңімпазы атанды.
Ауыр атлет Нұржан Жұмабай серпе көтеруден рекорд орнатып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.
2026 жылдың басынан бері қазақстандық спортшылар 11 әлем чемпионатына және 26 Азия чемпионатына қатысып, 99 алтын, 33 күміс және 20 қола медаль жеңіп алды.
2026 жылы Қазақстан аумағында семсерлесу, стенд ату және бочча бойынша әлем кубоктары, сондай-ақ дзюдодан Grand Slam және IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA турнирлері өткізілді.
Сонымен қатар, 2026 жылы Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық жарыстар өтеді. Атап айтқанда, «Болашақ ойындары» мультиспорттық турнирі, күрес түрлерінен әлем чемпионаттары, голболдан әлем чемпионаты, Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен кубогы, жүзуден әлем кубогының кезеңі, сондай-ақ каратэ, параканоэ және джиу-джитсудан Азия чемпионаттары ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 106 бұйрығымен бекітілген «Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жөніндегі оқу-жаттығу процесі жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорт ұйымдары түрлерінің тізбесі және олардың қызметі қағидаларының» 9-1-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Қағидалар) балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жалпы білім беретін мектептердің және басқа да оқу орындарының оқушылары төменде көрсетілген талаптарға:
1) таңдаған спорт түрі бойынша спорттық нормативке;
2) Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген спорт түрлері бойынша бастапқы дайындық топтарына қабылдануға арналған оқушылардың жас шамасына сай болған жағдайда қабылданады:
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне түсу үшін жеке тұлғалар еркін түрде өтініш жазып, спорт мектебінің кеңсесіне немесе «электронды үкімет» веб-порталы www.egov.kz арқылы, Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорт мектептеріне құжаттарды қабылдау» мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған негізгі талаптар тізімінде көрсетілген құжаттарды қоса отырып тапсырады.
Олимпиадалық спорт резервін дайындау үшін республика аумағында
6 мыңнан астам баланы қамтитын 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді.
Министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ведомствосында Астана, Алматы және Риддер қалаларында олимпиадалық резерв колледждерінің 5 республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты (бұдан әрі – спорт интернаттары) бар. Спорт интернаттары спортшыларды білім берудің екі түрі бойынша даярлайды: мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру.
Сонымен қатар 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам (ел халқының 3,6%-ы) бар, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 330 135 немесе 45%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүмкіндігі шектеулі адамдардың санының өсімі байқалады — 61 034 адам немесе 18,5%. (2020 жылы — 38 352 адам немесе 12,2%, 2021 жылы — 48 565 адам немесе 12,7%, 2022 жылы — 51 325 адам немесе 16%, 2023 жылы — 56 822 адам немесе 17%). Бұл көрсеткіштер дене шынықтыру және спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілімі жоқ жалпы мүмкіндігі шектеулі адамдар санынан алынған.
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандар санының өсуі мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт жөніндегі қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп қалалар мен аудандардың дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жұмысының, сондай-ақ мүгедектер арасында спорт түрлері бойынша секциялардың ашылуының арқасында мүмкін болды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын дене мүмкіндіктері шектеулі адамдардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 4 212 адамға өсті.
Бүгінде республикада 16 спорт клубы, Алматы облысында 1 спортты дамыту дирекциясы және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған 2 спорт мектебі (Алматы, Абай, Түркістан, Жамбыл, БҚО, Маңғыстау, СҚО, Павлодар, ШҚО, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Жетісу облыстарындағы спорт клубтары, Қызылорда облыстары мен Астана қаласы; спорт мектептері: Шымкент қаласы және Қарағанды облысы) бар. Мұнда 800-ге жуық жаттықтырушының басшылығымен 7532 спортшы жаттығады.