Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалана отырып тұрғынжайды меншігіне сатып алу немесе осы Заңға сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй сертификаттарын береді.
Заңның 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) айқындайды (бұдан әрі - Тізбе).
Мемлекеттік қызметті жеке тұлғаларға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушы) Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) тегін көрсетеді.Тұрғын үй сертификаттары көрсетілетін қызметті алушыларға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде тұрғынжай сатып алған немесе Заңға сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын алған кезде Тізбеге сәйкес өтеусіз және қайтарымсыз негізде ұсынылады.
Көрсетілетін қызметті алушының тұрғын үй сертификатын бір реттен артық алуына жол берілмейді. Тұрғын үй сертификаты:
1) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының) табысы болмаған жағдайда;
2) көрсетілетін қызметті алушыда және (немесе) онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары) отбасының әрбір мүшесіне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балалардан, оның ішінде негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалардан аспайтын еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары, олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын соңғы 6 (алты) ай ішінде еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды қоспағанда) орташа табысы болған жағдайда беріледі.
Тұрғын үй сертификаттарын ұсыну кезде мүгедектігі бар балаларды күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамдар алатын әлеуметтік төлемдер, зейнетақы төлемдері, білім беру ұйымдарында жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар алатын мемлекеттік стипендиялар Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың кірісіне қосылмайды.
Көрсетілетін қызметті беруші тиісті қаржы жылына тұрғын үй сертификаттарын берудің жоспарланған сомасын көздейді.
Көрсетілетін қызметті беруші веб-порталында:
1) тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесі туралы жергілікті өкілді органның (мәслихаттың) шешімін;
2) тұрғын үй сертификаттарын беру туралы хабарландыруды жариялауды қамтамасыз етеді.
Тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджетте қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, веб-порталда тұрғын үй сертификаттарын беру тоқтатылғаны туралы хабарландыру жарияланады.
Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, "Тұрғын үй сертификаттарын беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптар тізбесі) осы Қағиданың 4-қосымшасында көрсетілген.
Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЭЦҚ-мен куәландырылған, мемлекеттік көрсетілетін қызметке қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген құжаттарды қоса бере отырып өтініш береді.
Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжаттардың, олардың табыстарының, жылжымайтын мүліктерінің, неке қию немесе бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болуы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), құжаттар, өтініш берушінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттар көрсетілетін қызметті берушіге "электрондық үкімет" шлюзі (сыртқы шлюзі) арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасының барлық мүшелеріне беріледі.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері берген жағдайда, оларды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті беруші "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі және мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 13) тармақшасына сәйкес олар бекітілген немесе өзгерген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға және Бірыңғай байланыс орталығына жіберіледі.
Веб-портал арқылы көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері:
1) өтініш берушіден Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген өтініш берушінің құжаттары келіп түскен және ақпараттық жүйеде тіркелген күні олардың толықтығын, дұрыстығын және өтініш беруші мәртебесінің Тізбеге сәйкестігін тексереді;
2) 2 (екі) жұмыс күні ішінде қаржы қаражатының қажеттілігін есептеуді жүргізеді және өтініш берушінің веб-порталдағы "Жеке кабинетіне" осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұрғын үй сертификатын беруді мақұлдау туралы шешімі бар, Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер бойынша түрін, сомасын немесе дәлелді бас тартуды көрсете отырып хабарлама жібереді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша көрсетілетін қызметті алушыға ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты, күні мен орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.
Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті алушыға көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында не қағаз жеткізгіште оң нәтиже не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту 1 (бір) күн ішінде жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті беруші оң хабарламамен бірге өтініш берушінің веб-порталдағы "жеке кабинетіне" тұрғын үй сертификатын беру туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) электрондық құжат түрінде жібереді, оған тараптар ЭЦҚ-мен 3 (үш) жұмыс күні ішінде қол қояды.
Өтінім беруші белгіленген мерзімде Келісімге қол қоймаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші Келісім жасасудан бас тартады.
Тұрғын үй сертификатын ұсынған жағдайда Көрсетілетін қызметті беруші келісім жасалған күннен кейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей тұрғын үй сертификатының сомасын көрсетілетін қызметті алушының эскроу-шотына/жинақ шотына аудару үшін веб-порталда "Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесіне жүктелетін төлем шотын қалыптастырады.
Екінші деңгейдегі банк (бұдан әрі - ЕДБ) тұрғын үй сертификатының сомасы көрсетілетін қызметті алушының эскроу-шотына/жинақ шотына түскен жағдайда онымен ішкі тәртіпке сәйкес банктік қарыз шартын, ипотекалық шартты (кепіл шартын) жасасады.
Көрсетілетін қызметті алушы тұрғын үй сертификатын пайдалана отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдегеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші веб-портал арқылы банктік қарыз шартының және ипотекалық шарттың (кепіл шартының) көшірмелерін береді.
Тұрғын үй сертификатының сомасы эскроу-шотқа/жинақ шотына аударылған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ипотекалық тұрғын үй қарызы ресімделмеген жағдайда, қарыз беру туралы шешім қабылдаған ЕДБ соманы жергілікті бюджетке қайтаруды жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.