Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар балаға шипажай-курорттық емделуге кепілдендірілген соманың 70% өтеледі. Осыған ұқсас Қарағанды облысының жергілікті өкілетті органдарының шешімі бойынша әлеуметтік көмек 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарды шипажай-курорттық емдеуге алып жүрушілерге көрсетіледі.
Облыстың төрт өңірінде Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы (Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Абай ауданы) жұмыс істейді, онда мүгедектерге психологиялық, заңгерлік, консультациялық көмек көрсетіледі, тілдерді үйрену, компьютерлік және қаржылық сауаттылық бойынша түрлі тренингтер өткізіледі.
Облыста алғаш рет мүгедектерге арналған кресло-арбаларды жөндеу жобасы іске асырылды.
Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 300 арбаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер 12 мемлекеттік ұйымда көрсетіледі. Биыл арнайы әлеуметтік қызметтермен 3793 адам қамтылды.
Балқашта тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Қарқаралы ауданында тірек-қимыл аппараты бұзылған 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге арналған оңалту орталығы жұмыс істейді.
Облыс тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қарағанды облысында еңбекке жарамды жастағы 32 152 мүгедек адам, оның ішінде 10 980 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері 397 мүгедек жұмысқа орналасты, 46 мүгедек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.
Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін тоғыз арнайы жұмыс орны құрылды.
Мүгедектігі бар адамдар мен оларға күтім жасайтын адамдар үшін «Террикон алқабы» базасында IT саласынан мамандықтарға оқыту жүргізілуде.
Қарағанды облысында 1055 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді. Олар туралы ақпарат Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген.