
19–20 маусым күндері Балқаш көлінің жағалауында жыл сайынғы «BalkashTourFest-2026» фестивалі өтуде. Биыл фестивальге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен ата-аналарының сүйемелдеуімен 17 мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан мүгедектігі бар тұлғалар қатысты.
Мерекелік бағдарлама өте ауқымды болды, әркім өз қызығушылығы мен мүмкіндігіне қарай көңіл көтеру түрлерін таңдай алды. Қатысушылар балаларға және отбасыларға арналған шеберлік сабақтарына қатысып, робот-қақпашыға гол соғып көруге талпынды, алып дженга мұнарасын құрастырды, интерактивті садақтан нысана көздеді, мольберттерде Балқаш көлінің көркем көріністерін салды.
«Пластикті балмұздаққа айырбаста» экологиялық акциясы туған өлкенің табиғатын таза сақтаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды. «Halyk Bank» өкілдері балаларды салқын лимонадпен сыйлады.
Фестиваль ұйымдастырушылары балаларды естелік сыйлықтармен қуантты – осы жарқын оқиғаның белгісі ретінде жұмсақ ойыншықтар табыс етті.