«Мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету үшін құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №287 «Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі АОЖБ) сәйкес мүгедектігі бар адамдарды арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидаларын, оның ішінде оларды ауыстыру мерзімдерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес көрсетіледі.
Мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектігі бар адамдардан құжаттарды рәсімдеу құқығына нотариаттың куәландыруын талап етпейтін сенімхат алған адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) тұрғылықты жері бойынша:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері;
2) Астана және Шымкент қалаларының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері;
3) «электрондық үкімет» веб-порталы;
4) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы - проактивті қызмет арқылы өтініш береді.
Проактивті қызмет арқылы рәсімдеу кезінде өтінішті ұсыну талап етілмейді.
Мемлекеттік корпорацияның, қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімімінің жауапты қызметкерлері өтінішті қабылдау кезінде:
1) жеке басты куәландыратын құжат туралы;
2) мүгедектікті белгілеу туралы;
3) АОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтерді алу үшін «Электрондық үкімет» шлюзі аркылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – ақпараттық жүйелер) мүгедектігі бар адамның жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша сұрау салуларды қалыптастырады.
Еңбек жарақатын алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдар өтініш берген жағдайда қосымша мынадай:
1) мүгедектікке алып келген өндірістегі жазатайым оқиға туралы;
2) кінәсінен еңбек жарақатын алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыс беруші-жеке кәсіпкер қызметінің тоқтатылғаны немесе заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтер сұратылады.
Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде өтінішке қағаз жеткізгіштегі тиісті құжаттардың көшірмелері және салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары қоса беріледі.
Ұсынылған түпнұсқалармен салыстырғаннан кейін құжаттардың көшірмелерін өтінішті қабылдаған жауапты қызметкер тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхатқа берілетін талонға белгі қою арқылы куәландырады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
Арнаулы жүріп-тұру құралдарын алған күннен бастап оларды ауыстыру мерзімдері:
Бөлмеге арналған кресло-арба – 7 жылдан ерте емес;
Серуендеуге арналған кресло-арба – 4 жылдан ерте емес;
Әмбебап кресло-арба – 5 жылдан ерте емес;
Сырғытқы арба – 5 жылдан ерте емес.
Қөрсетілетін қызметті берушінің мекенжайы: Балқаш қ. Уәлиханов к-сі, 5 каб. №6, телефон 8(71036) 42325.
Жұмыс кестесі: сағат 9.00-дан 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.