Жұмыс берушілер нені білуі керек!

Жұмыс берушілер нені білуі керек!

Жұмыс берушілердің назарына!

Құрметті  Көкшетау қаласының жұмыс берушілер!

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 23-бабы 2-тармағының 27) тармақшасы негізінде жұмыс беруші еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, туралы мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар, сондай-ақ демалыстарды беру туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі - ЕШЕАБЖ) енгізуге міндетті.

ЕШЕАБЖ-дан еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 353 бұйрығымен бекітілген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу Қағидалармен регламенттелген.

Қазіргі уақытта осы талаптардың орындалуын бақылауды прокуратура органдары мен мемлекеттік еңбек инспекторлары (бұдан әрі - МЕИ) мемлекеттік бақылау шеңберінде жүзеге асырады.

Жұмыс берушiлер мәлiметтердi ЕШЕАБЖ-ға енгiзу жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны анықталған жағдайда МЕИ мерзiмi бар нұсқамалар бередi. Кодекстің 195-бабына сәйкес МЕИ актілері лауазымды адамдардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті. Нұсқама орындалмаған жағдайда материалдар әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін сот органдарына жіберіледі.

2026 жылы жұмыс берушілер үшін ЕШЕАБЖ-ға ақпаратты уақтылы, сапалы және дұрыс енгізу бойынша бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Аталған шара жұмыс берушілердің еңбек қатынастарын ресімдеу жөніндегі заңнаманы сақтауға неғұрлым жауапкершілікпен қарауына ықпал ететін болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі - ӘҚБтК) тиісті түзетулер дайындады.

ӘҚБтК-нің 98-бабын мынадай мазмұнмен толықтыру ұсынылады:

«Жұмыс берушінің жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасының келесі түрде жасалған бұзушылық:

1) еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты белгіленген мерзімдерде енгізбеу немесе уақтылы енгізбеу;

  1. еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне ақпаратты толық көлемде енгізбеу;
  2. дәйексіз және (немесе) дұрыс емес ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу –
  • лауазымды тұлғаларға - 30 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 60 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 80 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қайта бұзғаны үшін айыппұлды 2 есеге жақын ұлғайту көзделген:

  • лауазымды тұлғаларға - 60 АЕК,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 80 АЕК,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 200 АЕК мөлшерінде.

«Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде жұмыс беруші қызметін жүзеге асыруды бастаған айдан кейінгі айдың бірінші онкүндігі ішінде сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

ӘҚБтК-нің 230-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы –

- жеке тұлғаларға – 10 АЕК,

- лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК,

- орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 400 АЕК,

- ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне 1000 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларының негізінде орындалатын жұмыстардың қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтеріне сәйкестігін айқындау мақсатында     

Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін ұйымдардың барлық өндірістік объектілері еңбек жағдайлары бойынша аттестатталуға тиіс.

Аттестаттауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар 5 жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен жүргізеді.

ӘҚБтК-нің 94-бабына сәйкес жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген өндірістік объектілерді еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі заңнама талаптарын бұзуы –

– шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК,

–        орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК,

– iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Кодекстің 23-бабы 2-тармағының 25) тармақшасы негізінде жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау еңбекті қорғауды басқару жүйесін құруды және енгізуді, еңбек жағдайларының жай-күйін байқауды ұйымдастыруды, өндірістік бақылаудың деректеріне жедел талдау жүргізуді, кәсіптік тәуекелді бағалауды (бұдан әрі - КТБағ) және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға келмейтін анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтиды.

Кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларының нормалары бойынша КТБағ өндірістік (технологиялық) процестер (технологиялық, бизнес-процестер) және ұйым қызметінің түрлері бөлінісінде әрбір кәсіп (жұмыс орны) бойынша еңбек жағдайларын олардың Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне кешенді бағалауды қамтиды және мыналардан тұрады:

 1) еңбек жағдайларының зияндылығын (зиянды өндірістік факторлардың әсерін) бағалау;

2) еңбек жағдайларының жарақат алу қаупін бағалау (қауіпті өндірістік факторлардың әсері);

3) өндірістік жабдықтың қауіпсіздігін бағалау;

4) жеке қорғаныш құралдарымен (бұдан әрі – ЖҚҚ) қамтамасыз етілуді бағалау;

5) сырқаттанушылықты бағалау.

КТБағ жүргізу кезеңділігі КТ дәрежесін ескере отырып 5 жылда кемінде бір рет белгіленеді:

1 дәреже (жол берілетін тәуекел) – 5 жылда бір рет;

2 дәреже (төмен тәуекел) – 3 жылда бір рет;

3 дәреже (орташа тәуекел) – 2 жылда бір рет;

4 дәреже (жоғары тәуекел) – жыл сайын;

5 дәреже (өте жоғары тәуекел) – тәуекелді жою бойынша түзету шараларынан кейін.

ӘҚБтК-нің 93-бабында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін бірқатар айыппұл санкциялары қарастырылған.

Жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз!