Кезектен тыс сессия өтті

Кезектен тыс сессия өтті

Жетінші шақырылған Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма төртінші сессиясы өтті.

Сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша аудандық сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау және облыстық сайлау комиссиясының құрамын өзгерту туралы мәселелер қаралды.

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамадағы өзгерістерге байланысты мәслихат шешімдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.

Облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық сайлау комиссиясының қолдаухаттары, облыс әкімінің ұсынысы негізінде еңбек ардагері, көрнекті қоғам қайраткері Қазбеков Жасұлан Кенжебайұлына Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы сұрақ енгізілді. Жасұлан Кенжебайұлының бүкіл өмірбаяны облысымызбен байланысты, Жамбыл ауданы Орталық ауылында дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын зоотехник, кәсіподақ комитетінің төрағасы, совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып бастады. 10 жылдан астам Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі болды. Белсенді қоғамдық қызметі, өңірдің әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы болып табылады.

Сондай-ақ сессияда Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунованың ұсынуымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындау үшін Қайрат Сейітқожаев таныстырылды. Жаңа басшыны депутаттарға Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Қаскин таныстырды.

Облыс әкімдігінің және облыс әкімдігі жанындағы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның дербес құрамдары бойынша мәслихаттың шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Сессияның қарауына енгізілген барлық мәселелерді халық қалаулылары қолдап, тиісті шешімдер қабылдады. 

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты