
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен республикада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Аталған іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары белсенді қатысты.
Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғанын айтты.
– Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Петропавлда депутаттар, облыс басшылығы, ардагерлер, жастар ұйымдары, қоғам белсенділері және бей-жай қарамайтын қала тұрғындары экопарк салынып жатқан Пестрое көліне жаппай ағаш отырғызуға қатысты.