Кезектен тыс сессия өтті

Кезектен тыс сессия өтті

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 33-ші кезектен тыс сессиясында өңірдің әкімшілік-аумақтық құрылысына және басқа да өзекті тақырыптарға қатысты бес мәселе қаралды.

Экономика басқармасының басшысы Наталья Дышкант Тимирязев ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелеріне арналған баяндама жасады. Өз сөзінде ол аумақтық басқаруды оңтайландырудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктеріне назар аударды, сондай-ақ аудандағы экономикалық жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар ұсынды.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемесін белгілеу туралы баяндама жасады. Ол бұл мәселені дұрыс реттеу мәдени мұраны сақтауға және тарихи нысандарды тиісті жағдайда ұстауға ықпал ететінін атап өтті.

Депутаттар облысты басқару схемасын бекітуге байланысты мәселелерді қарады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің дербес құрамы туралы шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Күн тәртібінде Петропавл қаласының жаңа Бірлік шағын ауданына көше атауын беру мәселесі де талқыланды.

Сессияда қаралған барлық мәселелер тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын ала жан-жақты талқыланды. Сессия жұмысының қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.