
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар топтамасы қаралды. Сондай-ақ сенаторлардың ауылдық аумақтарды дамыту және ұлттық бағдарламалар мен жобаларды іске асыру мәселелеріне қатысты депутаттық сауалдарына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының ауызша жауабы тыңдалды.
Палата отырысына Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко қатысты.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың сенаторлардың депутаттық сауалдарына ауызша жауабы тыңдалды. Айта кетейік, бұған дейін Сенат депутаттары Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын бақылауға және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты сауалдарын жолдаған болатын.
Сенат Төрағасы өз сөзінде ауылдарды дамыту экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызымен қатар Қазақстанның өркендеуі жолында стратегиялық мәнге ие екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл саланы ілгерілетудің басым бағыт екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан Мәулен Әшімбаев сенаторлар көтерген мәселелерді шешу үшін кешенді тәсіл мен жіті назар қажет екенін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының сайланғаннан кейінгі алғашқы Жарлықтарының бірі ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітуге арналғаны да белгілі. Бүгін сенаторлар ауылда сапалы инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз екенін, әлеуметтік нысандардың жағдайын, жол мәселелерін көтерді. Тиісті бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану, төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру, шекара маңындағы ауылдардың болашағы мен кадр тапшылығы да назардан тыс қалған жоқ. Бәріміз бірлесіп, Президетіміздің осы салада берген тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев мазмұнды жауап үшін Премьер-Министрдің орынбасарына алғыс білдірді.