Бүгін Отан қорғаушылар күніне орай Ағынтай мен Қарасай батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Бұл – ата-бабаларымыздың ерлігіне көрсетілген тағзымның белгісі.
Кейін іс-шараға қатысушылар Астана қаласында өткен әскери парадтың онлайн-трансляциясын бірге тамашалады. Салтанатты шарада азаматтық сектор өкілдеріне, көктемгі су тасқыны кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен күш құрылымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ мерзімді әскери борышын өтеп жатқан сарбаздардың аналарына облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.
Мереке күні – «Батырлық рухы – Мәңгілік» атты концерт болды. Онда ҚР Ұлттық ұлан академиясының әскери оркестрі, облыстық полиция департаментінің мәдениет орталығының вокалдық тобы, Қызылжар ауданының барабаншы қыздары және өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Бұл мерекелік шара – бейбітшілік пен тыныштықты күзетіп жүрген азаматтарға деген шынайы алғыстың жарқын көрінісі болды.