Бүгін Петропавлда СҚО-ның Құрметті азаматы, соғыс ардагері және прокуратура органдарының еңбек сіңірген қызметкері Сапар Дүйсенұлы Дүйсенов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Рәсімге СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен СҚО прокуроры Қайрат Әбдіханов, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагердің туған-туысқандары мен жұртшылық қатысты. Бұл шара Жеңістің 80 жылдығына арналып, оның мемлекет пен өңір алдындағы ерен еңбегін бағалаудың маңызды белгісі.
"Мемориалдық тақта оны халыққа және заңға адал қызмет еткен тұлға ретінде құрметтеудің және алғыстың символы. Сапар Дүйсенұлының өмір жолы мен Отанына қызметі жастарды адал және патриоттық қызметке тәрбиелей отырып, оларды болашақта елге қызмет етуге бағыт-бағдар береді", - деп жазды өңір басшысы.
Сапар Дүйсенұлы майданда отанымызды абыроймен қорғап, ерлік пен төзімділік танытты. Соғыстан кейінгі жылдары ол елді қалпына келтіру мен дамытуға белсене қатысты. Сапар Дүйсенов тергеушіден бастап облыс прокурорының бірінші орынбасарына дейінгі жолды жүріп өтті, прокуратура органдарына саналы ғұмырын арнап, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, жас мамандарды тәрбиелеуге және азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосты.