СҚО әкімі Тепличное ауылында жедел кеңес өткізді

СҚО әкімі Тепличное ауылында жедел кеңес өткізді

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тепличное ауылында өңіріміздегі су тасқыны жағдайына байланысты жедел кеңес өткізіп, басшылардың есебін тыңдады. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы күресіміз жалғасуда. Тепличное ауылындағы бөгетті сақтау міндеті орындалды.

Басты мақсат – азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау. Күні-түні бөгетті нығайту жұмыстарына облыстық ТЖ департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан академиясы, 6637 әскери бөлімі, Азаматтық қорғау академиясы, басқа өңірлерден келген ТЖМ құтқарушылары, мемлекеттік қызметшілер, облысымыздың барлық аудандарынан өкілдер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

 Сүңгуірлер де тартылды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері белсенді көмек көрсетті. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындарға көмекті полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде. Тамақтану ұйымдастырылып, жедел жәрдем кезекшілік етті. 

Жалпы, 1,5 мыңнан астам адам мен қажетті техника жұмылдырылды. Елді мекенді су тасқынынан қорғауда көрсеткен баға жетпес көмектері үшін өңір басшысы әрқайсысына шын жүректен алғысын білдірді. 

"Су толықтай қайтқанға дейін күшейтілген режимдегі жұмыс жалғасады. Әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды сақтау үшін әрі қарай да үйлесімді және жауапкершілікпен әрекет етуіміз қажет", - деп атап өтті облыс әкімі. 

Бүгін бүкіл ел Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде. Мемлекет басшысы бұл мерекенің ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын әрдайым ерекше атап өтеді.

"Мерекелік күнге қарамастан, көптеген азаматтарымыз елді мекендерді қорғап, бөгеттерді бекітіп, өз жұмыстарын жалғастыруда. Жерлестеріміздің бірлігі, батырлығы мен жанқиярлығының арқасында біз кез келген қиындықтарды еңсеріп, ортақ мақсаттарға жетіп келеміз. Сіздерді Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға сарқылмас күш-қуат, амандық пен бақ-береке тілеймін!", - деді СҚО әкімі.