Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекет және қоғам қайраткері Анатолий Башмаковқа Президенттің Алғысын табыс етті. Бұл марапат – оның ел дамуына, өңірдің өркендеуіне, ұлтаралық келісім мен достықты нығайтуға қосқан көп жылғы жемісті еңбегіне жоғары баға. Өңір басшысы Анатолий Афанасьевичке амандық, жаңа табыстар, отбасылық бақыт тіледі.
Анатолий Башмаков – экономика ғылымдарының докторы, саясаттану ғылымдарының кандидаты, профессор, 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы. СҚО атынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясындағы және білім беру саласындағы қызметі – Отанға адалдық пен патриотизмнің жарқын үлгісі.