Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қайықпен Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан және жыл сайын су тасқынына ұшырайтын Заречный кентіне барды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты — су тұрғын үйлерге кірген жоқ. Оқиға орнында қалалық әкімдік, құтқарушылар мен полиция қызмет атқаруда, тәулік бойы кезекшілік бар, қорғаныс бөгеттері нығайтылған. Барлығы 200 адам жұмылдырылды.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау көрсету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Өңір басшысы барлық қызметкерлердің жанқиярлық еңбегі үшін алғысын білдірді. Аралау барысында облыс әкімі Заречный тұрғындарымен кездесті.
"Мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін түсіне отырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Қазір екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды, бұл үйлерге Заречныйдан көшірілетін отбасылар қоныстанады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүруде, және жыл соңына дейін адамдар жаңа жайлы баспанаға ие болады", - деді өңір басшысы.