СҚО әкімі тасқынмен күрескен сарбаздарға алғыс білдірді

СҚО әкімі тасқынмен күрескен сарбаздарға алғыс білдірді

Бүгін Бескөл ауылының орталық алаңында су тасқынымен күресу үшін басқа облыстардан келген 68665 әскери бөлімінің 300 сарбазын шығарып салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

Өңір басшысы әскерилердің отаншылдығы, батылдығы, тәртіптілігі мен туған жерге деген адалдығы үшін алғысын білдірді. Алғашқы күннен бастап жас сарбаздар топан сумен күресуге бар күш-жігерін салып, траншеялар қазып, қаптар төсеп, бөгеттерді нығайтуға кірісті. Бірлескен күш-жігердің арқасында адамдардың өмірін сақтап қалды.

"Әскерилердің арасында бір апта бұрын қызметін аяқтаған 51 сарбаз бар екенін атап өткім келеді. Бірақ олар бізге көмектесу үшін қалып, аянбай еңбек етті. Нағыз ер азаматтарды, еліміздің азаматын өсіргені үшін ата-аналарына бас иіп, алғысымды білдіремін", - деді облыс әкімі.