Бүгін аймақ басшысының облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың биылғы 10 айдағы даму қорытындыларын баяндап, алдағы жоспарларды да атап өтті.
Өңір басшысы депутаттарды ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жүзеге асып жатқан жобалардан хабардар етті. Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, жолдар мен су желілерін жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Облыс әкімінің баяндамасында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мәселелері де көрініс тапты.
Баяндама аяқталғаннан кейін депутаттар жылыту маусымы, жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу және көлік инфрақұрылымының жұмысына қатысты сұрақтарын қойып, жауап алды.