Үкімет отырысында егін жинау науқанының өту барысы туралы қарастырылды. СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Үкімет басшысына күзгі орақтың өтуі туралы баяндады.
Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары 3,4 млн. га алқапта жүруде.
«Бүгінгі таңда 1,8 млн. гектар немесе 53 процент жиналды, 1,9 млн. тонна бастырылды. Өнімділігі гектарына 10,5 центнерді құрайды. Айдың басынан бері 45 миллиметр жауын-шашын немесе айлық норманың 158 проценті жауды. Оған қарамастан, техникалық дайындықтың арқасында жатқан астық қысқа мерзімде жиналды», — деді Марат Тасмағанбетов.
Облыста 317 астық кептіргіш іске қосылды. Бір күнде 240 мың тонна астықты кептіруге мүмкіндік береді.
Астықты кептіру жұмыстарына қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлуге өтінім жолданды.
Өңірде астықты сақтау орындары жеткілікті. Олардың сыйымдылығы 6,9 млн.тонна.
Бұл астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді.
Облыс элеваторларына 500 мың тоннадан астам астық түсті, оның 325 мың тоннасы үшінші кластағы бидай.
Келесі жылғы егіске шамамен 250 мың тонна немесе 50 проценттен астам тұқым жиналды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
«Егін жинау барысына жедел мониторинг жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Астықты уақытылы жинап алу бақылауда», — деді өңір басшысының бірінші орынбасары.