СҚО әкімі Литва елшісімен кездесті

СҚО әкімі Литва елшісімен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров пен Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис екіжақты кездесу өткізіп, СҚО мен Литва арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазір солтүстік өңір әлемнің 60 елімен, соның ішінде Литва Республикасымен де ынтымақтастық орнатқан. Литва Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Өңірлер арасындағы сыртқы сауда байланыстары да нығайып келеді.

«2022 жылы облыс пен Литва арасындағы тауар айналымы 1,7 есеге өсіп, 2,2 млн долларды құрады. Алда көп жұмыс бар, жоспарларымызды бірлесіп жүзеге асырамыз. Тауар айналымын 10 миллион АҚШ долларына дейін жеткізу керек. Сіздің елден өңірге инвестиция құйғысы келетін кәсіпкерлер болса, біз барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

 «Ынтымақтастығымыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын экономикалық өмір орталықта емес, негізінен аймақтарда дамуда. Солтүстік Қазақстанның әлеуеті зор. Біз Қазақстанның әрбір аймағында еліміздің құрметті консулдығын құруға ұмтылудамыз. Петропавлға осы жазда консулдығымыздың салтанатты ашылуына ораламыз деп үміттенеміз. Осының арқасында мәдени және іскерлік байланыстар нығая түспек», — деді Гинтаутас Васюлис.

Солтүстік Қазақстан мен Литва ауыл шаруашылығы, өнімді өңдеу, өнеркәсіп және баламалы энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.