СҚО әкімі Гүлмира Кәрімованың туған-туысқандарына көңіл айтты

СҚО әкімі Гүлмира Кәрімованың туған-туысқандарына көңіл айтты

«Бүгін облысымыздың тумасы, білім беру саласының үздігі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Гүлмира Райынбекқызы Кәрімова кенеттен өмірден озды. Туған туысқандары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін ауыр қаза. Гүлмира Райынбекқызыөз ісінің маманы еді», — деп жазды облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Гүлмира Кәрімова еңбек жолын Петропавлдағы қалалық классикалық гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Әр жылдары №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінің ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары және директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы болды. Төрт жыл бойы СҚО әкімдігінің білім басқармасының басшысы қызметін атқарды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы болды. Гүлмира Кәрімова биыл ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, күні кеше ғана куәлігі мен төсбелгісін алған еді.

«Гүлмира Райынбекқызы білім саласының дамуына зор үлес қосты. Оның еңбегі мен жетістіктері, жарқын бейнесі мәңгі есте сақталады», — деп жазды өңір басшысы.