Облыс әкімі шалғайдағы ауылдың тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі шалғайдағы ауылдың тұрғындарымен кездесті

«Облысымыздың ең шалғай ауылдарының бірі - Шөптікөлге (Ғ. Мүсірепов ауданы) бардым. Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде өзекті мәселелерді талқыладық, жұмыс жоспарын белгіледік», - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шөптікөлде "Адани агро" серіктестігі мал бордақылау алаңын салуда. Биыл аудандағы 4 мектепте, соның ішінде Шөптікөл ауылында күрделі жөндеу жүргізілуде. Өткен жылы Шөптікөл ауылының 3 көшесіне асфальт төселді, жұмыс жалғасады. Биыл Червонное, Бірлік, Буденное, Тоқсан би, Разгулное ауылдарында ішкі жолдар жөнделмек. "Рузаевка-Шұқыркөл-Новоселовка" жолының 18 шақырымын, "Шұқыркөл-Андреевка-Раисовка" жолының 13 шақырымын жөндейміз. Көкалажар, Рузаевка, Ставрополка ауылдарында су желілері жақсартылады.

Облыста 11 сүт фермасы салынуда, оның үшеуі Мүсірепов ауданында. Сапар барысында «Возвышенка СК» серіктестігінің 1,8 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысын тексерді. Бұл облыстағы ең үлкен сүт кешені болмақ. Малдың алғашқы легі келіп те үлгерді. ЖШС директоры Абдурахим Нукаев Возвышенка ауылының қалай дамып жатқанын көрсетті.

«Әр үйде газ мен су бар. Демалыс орталығы салынды. Серіктестік өз қызметкерлеріне 15 үй салып берді. Абдурахим Нукаевқа ауыл тұрғындарына жасаған жағдайы мен қамқорлығы үшін алғыс білдірдім. Шаруалардың ауылға деген қарым-қатынасы осындай болу керек», - деді облыс әкімі.