СҚО әкiмi ауылға көшкен жас бизнесмендi үлгi еттi

СҚО әкiмi ауылға көшкен жас бизнесмендi үлгi еттi

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов шағын және орта бизнес өкiлдерiмен кездестi. Кездесуде шағын және орта бизнестi қолдау тетiктерi мен кәсiпкерлiк мәселелерi талқыланды. Солтүстiкқазақстандық кәсiпкерлер жобалары туралы айтып, тәжiрибелерiмен бөлiстi.

«Жас кәсiпкер Евгений Золотарев жиналғандарды өзiнiң табыс тарихымен шабыттандырды. Осыдан 6 жыл бұрын қала жiгiтi ауылға кетiп, өмiрiн өзгерттi. М.Жұмабаев ауданында көкөнiс өсiру iсiн қолға алды. Қырыққабат, қияр, қызанақ, тiптi қарбыз өсiредi. Былтырдан берi тұрақтандыру қорына қырыққабат тапсырып келедi. Қысы-жазы iстейтiн жылыжай салу үшiн грант алуды жоспарлап отыр», — деп жазды өңiр басшысы.

Облыста 2,8 мыңнан астам адам кәсiп ашуға және дамытуға жеңiлдетiлген несиелер мен гранттарға ие болды. 790 жұмыссыз азамат өз кәсiптерiн ашты. Кәсiпкерлiктi қолдау шаралары өз нәтижесiн беруде. 5 жыл iшiнде шағын және орта бизнес өнiмi екi есеге өсiп, 374 млрд теңгеден 776 млрд теңгеге дейiн жеттi. Жалпы, облыстағы салық түсiмдерi 1,6 есе ұлғайып, 60 млрд теңгенi құрады. Биыл 67 млрд теңгеге жетпек. Шағын және орта бизнестiң салықтағы үлесi 49%-дан 61%-ға өстi.