Ғабит Мүсірепов ауданында жаңа кәріз жүйесі мен жылу қазандығы салынуда

Ғабит Мүсірепов ауданында жаңа кәріз жүйесі мен жылу қазандығы салынуда

Бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жазды.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мен Новоишимканың даму әлеуеті жоғары.

«Сәйкесінше, біз осы аудандағы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бүгінде аудан орталығын жылумен 9 ескі автономды қазандық қамтамасыз етеді. 3 жыл бұрын біз осы нысандарды аралап, жаңа қазандық салу туралы шешім қабылдадық. Қазір Новоишимкада орталық қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. 70 көпқабатты тұрғын үй мен 50 әлеуметтік нысан жылуға қосылады», — деп жазды өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ Новоишимкада ескі кәріз жүйесі болды, апаттық жағдай жиі тіркелетін. Көп ұзамай аудан орталығының тұрғындары бұл қиындықтарды ұмытады. Қазір заманауи кәріз-тазарту қондырғысының құрылысы аяқталуға жақын. 26 км магистралдық желі тартылды. Жаңа кәріз жүйесі абоненттер санын едәуір көбейтпек.

Өткен жылы аудан орталығында 50 пәтерлік көпқабатты үй салынды. Биыл 50 пәтерлік тағы бір көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ауданда 2 жылда 107 жеке тұрғын үй тұрғызылды.

Новоишимка көшелерінің барлығына асфальт төселді. Ауданның 8 ауылындағы ішкі жолдар жөнделді. 29 ауылға жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды.

Биыл облыста 16 сүт фермасы салынуда, оның ішінде 3 кешен Мүсірепов ауданында орналасқан. Жыл соңына дейін 10 ферманы іске қосылады, біріншісі өз жұмысын бастады — бұл «Астық Привольное» ЖШС-нің заманауи сүт фермасы. Өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де бұл жұмысты келесі жылы бастайды.

«Жаңадан тағайындалған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Серік Мұхамедиев алған қарқынды сақтап, ауданның дамуы бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.