2021 жылғы 30 қыркүйекте Петропавл қаласында бақылау және қадағалау органдарының бизнес алдындағы «Бiрыңғай есеп күнi» өткiзiлдi.
Iс-шараға прокуратура, мемлекеттiк және аумақтық органдар, бизнес-қоғамдастық өкiлдерi қатысты. Жер инспекциясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл департаментi, Мемлекеттiк кiрiстер, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, еңбек инспекциясы және өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының өкiлдерi есеп бердi.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша басқармасының деректерi бойынша өңiрде сегiз айда тексеру тағайындау туралы 2 835 акт тiркелген, оның iшiнде 749 — жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiнде. Ерекше тәртiп бойынша 176 тексеру, жоспардан тыс — 568, бес мемлекеттiк аудит жүргiзiлдi.
«СҚО әкiмдiгiнiң жер инспекциясы басқармасы» КММ 104 мың гектардан астам аумақта 192 тексеру жүргiздi, 25,1 мың гектар аумақта 118 бұзушылық анықталды, 1,7 млн.теңге сомасына 13 айыппұл салынды. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 111 ұйғарым берiлдi. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне, елдi мекендерде объектiлер салуға арналған жер учаскелерiн мақсаты бойынша пайдаланбау негiзгi бұзушылықтар болып табылады.
«СҚО әкiмдiгiнiң мемлекеттiк еңбек инспекциясы басқармасы» КММ тарапынан облыстың кәсiпорындары мен ұйымдарының қызметiне 158 тексеру жүргiзiлдi. Бұл ретте 461 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Оның 197-сi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша. Жұмыс берушiлерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы 119 ұйғарым берiлдi. Еңбек шарттарын жасасуға келетiн болсақ, 1 қыркүйекте облыс кәсiпорындарында 5 302 Ұжымдық шарт жасалды, бұл облыстың жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарының 96%-дан астамын құрайды.
Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара iс-қимылды арттыру үшiн өңiрде жыл сайын қыркүйектiң соңғы бейсенбiсiнде «Бiрыңғай есеп күнiн» өткiзу жоспарлануда.