СҚО-да 5,4 млрд. теңгеге бройлер құс фабрикасы салынуда

СҚО-да 5,4 млрд. теңгеге бройлер құс фабрикасы салынуда

Бұл жайында әлеуметтiк желiдегi парақшасында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов жазды.

Жергiлiктi билiктiң мiндетi — ауыл шаруашылығындағы ет-сүт саласында жұмыс орындарын көптеп ашу. Елiмiздiң мал шаруашылығында ең көп жобаларды жүзеге асырып жатқан СҚО. Осының арқасында ет өндiру көлемi 1,6 есеге, 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейiн өседi.

«Аққайың ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы жобаларының құрылыс барысын тексердiм. Аралағаш ауылының жанында үлкен бройлер құс фабрикасы салынуда. Қазақстандық компания 5,4 млрд теңге инвестиция құюда. 168 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа құс фабрикасы жылына 5 мың тонна құс етi мен 3,5 миллион жұмыртқа өндiретiн болады», — деп жазды өңiр басшысы.

Жергiлiктi шаруа Серғазы Қарымсақов Қиялы ауылының маңында жаңа сүт фермасының құрылысын бастады. Бұл облыста салынып жатқан 16 сүт кешенiнiң бiрi. Елiмiзде бой көтерiп жатқан фермалардың жартысы СҚО-да орналасқан. Жыл соңына дейiн 10 сүт кешенi iске қосылады.

«Шағалалы ауылына да соқтық. Ауылда кешендi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Дәрiгерлiк амбулатория күрделi жөндеуден өтуде, мектеп жаңартылды, 6 км көше жолдары жөнделдi. Шағалалы ауылын жаңғыртуға барлығы 446 млн.тг бөлiндi», — дедi облыс әкiмi.

Жалпы, биыл облыстағы 128 ауылды жаңғыртуға 18,6 млрд.тг бағытталды.