СҚО студенттерiне жаңа комбайндар алынды

СҚО студенттерiне жаңа комбайндар алынды

Бұл жайында әлеуметтiк желiдегi парақшасында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов жазды.

Облыстағы агроөнеркәсiп кешенiне 92 млрд.тг инвестиция тартылды. 1,8 мың бiрлiк ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 51 млрд.тг бағытталды. Жаңа техникаға бiлiктi кадрлар қажет. Бұл үшiн оқу орындарында студенттерге қолайлы жағдай жасалуда. Биыл ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды дайындайтын 5 ауылдық колледждi жаңартуға 1,4 млрд теңге бөлiндi. 5 колледжге заманауи комбайндар мен тракторлар, зертханалар алынды.⠀

«Мысалы, Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылық колледжiнде студенттер ендi жаңа «John Deere» комбайны мен тракторында тәжiрибеден өтедi. Бұған дейiн колледжде 1992 жылғы ескi Енисей комбайндары қолданылған. Сондай-ақ, колледжде модульдiк мал сою алаңы мен WI-FI метеостанциясы орнатылды, жуырда шағын сүт зауыты iске қосылады», — деп жазды өңiр басшысы. ⠀

Жалпы, 2 жылда 2,6 млрд теңгеге 9 колледж заманауи қондырғылармен жабдықталды. Бұл облыстағы барлық мемлекеттiк колледждердiң жартысы.