Мемлекет басшысы «CLAAS» зауытына барды

Мемлекет басшысы «CLAAS» зауытына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстiк Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын «CLAAS» зауытына барды. Президентке зауытта құрастырылған астық жинайтын тракторлар, комбайндар мен тұқым себетiн техникалар көрсетiлiп, кәсiпорынды одан әрi дамыту жоспарлары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы «CLAAS» компаниясының халықаралық беделiн жоғары бағалап, германиялық концернмен ұзақмерзiмдi ынтымақтастық орнату қажет екенiн атап өттi.

– «CLAAS» өнiмдерiнiң Қазақстан нарығына келуi бұл үлкен жетiстiк. Бұны өте iрi инвестициялық оқиға деуге болады, — дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент осы өңiрде бiрқатар жобаларды жүзеге асырып жатқан шетелдiк инвесторлармен кездестi.

«CLAAS» компаниясының ТМД елдерi бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта iске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды.

Түрiктiң «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық JCI стандарттарына сәйкес 625 орындық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар еттi.

Аризона университетiнiң (АҚШ) жаһандық мәселелер жөнiндегi вице-президентi Брент Уайт аталған оқу орнының Kozybayev University-мен ынтымақтастық орнату жөнiндегi жоспарын айтты. Бұл келiсiм қазақстандық жоғары оқу орнын америкалық бiлiм беру мекемесiндегi академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобалармен танысқаннан кейiн инвесторларға ел экономикасын, атап айтқанда өңiрлердi дамытуға қосқан үлестерi үшiн ризашылығын бiлдiрдi. Мемлекет басшысы инвесторлардың бизнес-жобаларының iске асырылуын бақылауда ұстау үшiн жеке мониторинг жүргiзетiнiн атап өттi.

Ақпарат көзi: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-claas-zauytyna-bardy-781445