Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда жаңа инвестициялық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда жаңа инвестициялық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

✔️ Новоишим ауылында төрт жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай тұрған бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратын қайта жаңғырту жоспарлануда. Мұнда бірнеше ауданның 95 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін, бейінді мамандардың медициналық көмегін қолжетімді ететін ауданаралық аурухана ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Өңір басшысы жобаны жан-жақты пысықтауды, сондай-ақ Тахтаброд ауылындағы медицина мамандарының тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.

✔️ Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті аграршылар да елеулі қолдау көрсетуде. Ғ. Мүсірепов атындағы аудан М. Жұмабаев ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бастаған игі бастаманы қолдаған үшінші аудан болды. Кәсіпкерлердің қаражатына аудандық аурухана үшін жалпы құны 70 млн теңгеге жуық 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде аудандағы 17 ауылдық округтің барлығы арнайы көлікпен қамтамасыз етілді. Облыс әкімі ауыл медицинасының дамуына үлес қосқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

✔️ Жұмыс сапары барысында инвестициялық жобаларға да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы құрылыс саласына, өндіріске және халықты жұмыспен қамтуға тың серпін беретін ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу міндетін қойды. Бұл бағытта ауданда нақты жобалар жүзеге асырылуда. «Ак Нан Север» ЖШС құны 16 млрд теңгеден асатын элеватор кешені бар азық-түлік өндірістік паркін салуда. Жобаның алғашқы кезеңінде сыйымдылығы 80 мың тоннадан асатын астық қоймасын салу және жалпы өнімділігі сағатына 400 тонна болатын екі астық кептіру мұнарасын орнату көзделген. Алдағы уақытта астық сақтау қуатын 400 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

✔️ Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да қарқынды дамуда. «Қазақстан Бидайы» ЖШС жарма мен үлпек өндіретін жаңа зауытты іске қосуға дайындық жүргізуде. «Kazmeal Ltd» ЖШС экспортқа бағытталған құрама жем өндірісін дамытуда. Ал «Kazmeal Oil» компаниясы шамамен 80 млрд теңге инвестиция құйылатын май экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ облыс әкімі өсімдік майын өндіретін «Маслодел» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және дайын өнім шығаруды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

✔️ Пайдаланылмай тұрған нысандарды қайтадан экономикалық айналымға енгізу мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, «Колос 2020» ЖШС 20 жылдан астам уақыт жұмыс істемеген мұнай базасын сатып алып, оны қалпына келтіруге 450 млн теңге инвестиция салды. Облыс әкімі аудан әкімдеріне осындай нысандарды қайта іске қосу үшін инвесторлар тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

✔️ Жұмыс сапарының соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көтерілген барлық мәселе бақылауға алынды.