Kozybayev University мен Nazarbayev University білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Kozybayev University мен Nazarbayev University білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Nazarbayev University президенті Вакар Ахмадпен кездесті. Тараптар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, білікті кадрлар даярлау мәселелерін, сондай-ақ өңірдің ғылыми-технологиялық әлеуетін дамыту бағыттарын талқылады.

Адами капиталды дамыту облыс үшін стратегиялық маңызға ие. Өңірде өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және логистика салаларында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жаңа өндірістер заманауи білім мен практикалық құзыреттерді меңгерген мамандарға деген сұранысты арттыруда. Осыған байланысты өңір экономикасы үшін кадр даярлаумен қатар, өзіндік ғылыми-технологиялық базаны қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде.

Бұл бағытта еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми және академиялық байланыстарын жүйелі түрде кеңейтіп келе жатқан Kozybayev University маңызды рөл атқарады. Кездесу қорытындысы бойынша Kozybayev University мен Nazarbayev University арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қол жеткізілген уағдаластықтар Солтүстік Қазақстан облысында ғылым мен білімді дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және өңір экономикасының негізгі салалары үшін сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.