Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 360 мың гектардан астам дәнді дақыл жиналды

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 360 мың гектардан астам дәнді дақыл жиналды

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға барып, егін жинау науқанының барысымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен және дала жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Биыл аудандағы егіс алқабы 722,4 мың гектарды құрайды. Оның 503 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақты, 169,7 мың гектарына майлы дақылдар егілген. Бүгінгі таңда 363,7 мың гектар алқаптағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділік гектарына 16,8 центнерді құрап отыр.

Аудан шаруашылықтары техника паркін белсенді жаңартып, заманауи технологияларды өндіріске енгізуде. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында биыл шамамен 10 млрд теңгеге 100-ден астам жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Дала жұмыстарында жасанды интеллект негізіндегі технологиялар да қолданылуда. Бұл өндірістік үдерістердің дәлдігін арттырып, егін жинау кезіндегі өнім шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Ауданда жалпы сыйымдылығы шамамен 1,4 млн тоннаны құрайтын 25 элеватор жұмыс істейді. Бүгінде жаңа өнімнің 500 мың тоннаға жуығы сақтауға қабылданды.

Өсімдік шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. «Неженка Ерке» ЖШС 900 басқа арналған жаңа ферманы пайдалануға берді.